Хенрык Янковски, Түркітанушы, Польшадағы Адам Мицкевич атындағы Познан университетіндегі қазақ тілін оқытатын Шығыстану кафедрасының меңгерушісі, профессор:
Уақыты:2009-08-14
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ КҮНДЕЛІКТІ ТҰРМЫСТАҒЫ ЖАҒДАЙЫ - СОРЛЫ ДЕҢГЕЙДЕ
– Хенрык мырза, қазақ тілін қайда жүріп үйрендіңіз? Сондай жатық сөйлейтініңізге таң қалып отырмын.
– Рахмет! Мен қазақ тілін кітап-журналдардан оқып үйрендім.
– Солай! Өйткені мен – түріктанушымын. Қазақ тілін үйренбестен бұрын түрік тілін білетінмін. Осы бір әуезді де құдыретті тілді үйренерден бұрын менде негіз болды. Қазақ тіліндегі кітап-журналдарды оқи орырып, тез арада меңгеріп кеттім. Жалпы түрік тілдерінің бірін білсеңіз, басқа түрік тектес халықтардың тілін үйреніп алу оңай. Жалпы бұл сұрақ маған жиі қойылады. Қайда барсам да кезіккен адамдар «қазақшаны қалай үйрендің» деген сұрақ қойып жатады. Бұл меніңше, өз тілін үйренгісі келмейтін немесе үйренуге өте қиын деп сылтау айтатын адамдардың сауалы секілді көрініп тұрады.
Мен өзім зерттеуші болған соң қазақ тілін көп жылдан бері зерттеп жүрмін. Қазақ тілінің ұшан теңіз байлығы бар. Ол – шешен жыраулардың тілі. Байтақ даладай ұшы қиырсыз. Алайда күнделікті тұрмыстағы жағдайы турасын айтқанда сорлы деңгейде деуге болады. Жүргізген зерттеулеріме қарағанда, Қазақстанда халықтың тең жартысы өз ана тілінде сөйлесе алмайды екен. Көбісі білсе де сөйлегісі келмейді. Жергілікті қазақтардың көбісінің тіл білу деңгейі өте төмен екен. Белсенді сөздік қорының өзі 150-160 сөзден аспайтыны байқалды. Олар ең негізгі үстеуліктерді, зат есімдерді, тіптен, қарапайым сын есімдерді де дұрыс қолдана білмейді. Оның орнына мысалы, үстеуліктерден – «постоянно», «совсем», «больше», «просто», сын есімдерден – «любой», «простой» сияқты сөздерді қолдана береді. Етістіктерден – «оставать етті», «звонит етті» деген сөздер қолданылады. Ал кейбір адамдар, дәстүрлі ұғымдарды да білмейді екен. Кейбір қазақтар кәдімгі қазақтың киіз үйін «юрта» деп жатады. Зерттеу кезінде солардың көбісінің сол өздері қолданып жүрген «юрта» сөзінің қазақшасын білмейді екен.
– Шетелдік зерттеуші ретінде бұның себептері неде деп ойлайсыз?
– Бұл жерде бір нәрсенің басын ашып айту керек. Ең негізгі мәселе – ұлттық тәрбиеде жатыр. Содан соң білім беру мәселесі. Қазақстанда мектептер орыс және қазақ тілінде, яғни аралас болып келеді. Бұл соның кесірі. Негізі аралас мектептер болмауы керек. Мен қазақтар арасында көп жүрдім. Зерттеу жұмыстарым өз тілінде таза сөйлейтіндердің көпшілігінің тек қана қазақ мектептері мен қазақ балабақшасында тәрбиеленгендер екендігін көрсетіп берді.
Ресми деректерге қарағанда, Қазақстандағы балабақшалардың 40 пайызы ғана қазақша, ал, қалғаны – орыс тілінде. Мектептері де сондай мөлшерде. Тәуелсіздік алғанына 18 жыл болғанына қарамастан Қазақстанда тіл мәселесі әлі шешілген жоқ. Дами алмай келеді. Қазақ тіл мемлекеттік тіл статуысына ие болғалы жиырма жыл болса да, ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрінбейді.
Сондай-ақ, мемлекеттік тіл мәселесіне оқулықтар да айтарлықтар зиян келтіріп отыр. Бұл жерде мазмұнды кітаптар баршылық. Талай-талай жақсы дүниелер шығып жатыр. Алайда олардың таралымы өте аз. Халыққа жетпей жатады. Сол өзі данамен шығарылған құнды дүниелерді сататын орындар да көп емес. Мен өзім Астанаға келген сапарымда қазақша кітаптар сататын кітапханалардың аздығын байқадым.
Сосын жаңа қала Астаналарыңыз да өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Дегенмен, елордадағы зәулім ғимараттар мен көңіл көтеретін орындардың барлығы дерлік орысша, ағылшынша атаулармен аталады екен. Бұл да тіл мәселесі мен ұлттық тәрбиеге айтарлықтай тұсау салады.
– Сіз секілді шетелік азаматтар ерекше ықылас танытып үйреніп жатқан қазақ тілі өз халқынан неге өгейлік көруі тиіс. Бұл туралы сіз қалай ойлайсыз?
– Бұның себептері көп. Мен осыған байланысты арнайы зерттеу де жүргіздім. Бірақ, барлығы бір жақты болып кетпесін деп Шымкент қаласында арнайы сауалнама жасадым. Сол сұрақтардың ішінде «сіздің ойыңызша Қазақстанда мемлекеттік тіл қайсысы: қазақ тілі ме әлде орыс тілі ме» деген сұрақ болды. Сауалнамаға қатысқан 22 адамның 10-ы орыс тілі деп жауап берсе, 7-еуі – аралас, тек қана 5-еуі қазақ тілі деп жауап берді. Өзіңіз байқап отырған боларсыз. Халық қашанда мемлекетке қарап бойын түзейді. Мемлекеттік тілге қарап кәлимасын келтіреді. Осыған байланысты халықтың көбі ресми тілдің үстемдігіне байланысты орыс тілінде сөйлейтінін аңғартып отыр.
Ал шетелде тұратын қазақтар үшін тіл мәселесі жылдан-жылға қиындап барады. Себебі, оларда қазақ тіліндегі газет-журналдар мен көпшілік орта жоқ. Қазақ тілді интернет сайттары өте аз. Оның үстіне қазақша басылымдардың сайттары да біртіндеп жабылып жатыр. Оқи алмаймыз. Ойланатын мәселе. Бұл да шеттегі қазақтардың тынысын тарылтып барады.
– Әңгімені отаныңыз Польшаға қарай бұрсақ. Естуімізше, Познан университетінде қазақ тілі бөлімі ашылған екен. Бұл қаншалықты рас?
– 2002 жылы Познан қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университетте Туркология магистрлік курсы ашылды. Онда негізгі тіл – түрік тілі. Кейін қазақ тілін оқыта бастадық. Осылайша полактар (поляктар автор) әрі түрік тілін әрі қазақ тілін оқи бастады. Өткен жылы университетіміздегі Шығыстану кафедрасында арнайы жеке қазақ тілі бөлім болып өз шаңырағын көтерді. Шара салтанатты түрде ашылды. Польшадағы Қазақстан елшілігінен адамдар келді. Бүгінде студенттеріміз түрік тілімен қатар қазақ тілін үйреніп жатыр.
– Бәрекелді! Үйренуге ниет білдірушілер көп шығар. Жылына қанша студент қабылдайсыздар?
– Бізде Туркология кафедрасы аса үлкен емес. Жылына 25 қана студент қабылдаймыз. Басында студенттеріміз өте жоғары ынтамен үйрене бастады. Олар қазақ тілін үйренеміз, аудармашы болып Қазақстан елшілігіне жұмысқа тұрамыз деп қатты қуанды. Алайда, уақыт өте келе бұл ынта басылып қалды.
– Неге?
– Неге дейсіз ғой? Бұған Қазақсандағы қазақ тілінің жағдайы әсер етті. Шетелге барған әрбір қазақстандық делегация мемлекеттік тілде емес керісінше тек ресми тіл – орыс тілінде сөйлейді. Яғни, қазақ тіліне деген сұраныс жоқ. Табыс табу мәселесіне келгенде түрік тілін үйреніп жүрген студенттерге үлкен мүмкіндік туып жатады. Познанда түрік-полак тарапынан бірлескен үлкен жиналыстар өтіп жатады. Олардың бәрі де түрік тілінде өтеді. Ал қазақ тілінде ондай мүмкіндік жоқ. Келгендер бірден орысша сөйлейді. Мысалы, біздің елде үлкен бір экономикалық форум болды. Сол жолы барған студенттеріміз қатты көңілі қалып қайтты. Форумға қатысқан қазақстандық делегация қазақша емес орыс тілді аудармашы іздеген. Осыдан соң студенттер қазақ тіліне деген шынайы түрде сұраныстың жоқтығын білген соң, шыны керек үйренушілердің қатары азайып қалды. Тек қана ғылым жолын қуған зерттеуші студенттер ғана үйреніп жатыр.
– Шетелдік студентердің бұл құлшынысын ұштауға Польшада тұрып жатқан қазақтардың не болмаса сол елдегі елшіліктің көмегі болды ма?
– Жоқ. Болған жоқ. Керісінше, кезінде қазақ жерінде айдауда, қуғында болған өзге ұлт азаматтары келіп рухани жағынан көмектесіп жатады.
– Қазақ-поляк байланысы туралы айта отырсаңыз?
– Қазақстан мен Польшаның байланысы өте ертеден басталады. Ресей патшалығы кезінде қазақ даласына бір топ польшалық зиялы азаматтар қуғындалған болатын. Олардың арасында Адолфьян Мискевич, Станислав Золотински сынды азаматтар болған. Қазақ даласында жүріп бұлар дархан халық туралы құнды еңбектер жазды. Сондай зерттеулердің бірі – Александр Затаевичтің еңбегін айтуға болады. Ол халық ауыз әдебиетін жинаумен айналысып, «Қазақтың 1000 әні» мен «500 күйі» антологиясын шығарды. Қазірдің өзінде қазақ тілін, әдебиетін, этнологиясын үйренушілер өте көп. Олардың арасында қазақ тілі мен мәдениетіне қатысты бірнеше магистрлық жұмыстар жазылды. Осы жылдың өзінде бір студентіміз Қазақстандағы халық медицинасы туралы бір магистрлық жұмыс жазды.
Мен өмір бойы қыпшақ тілдерімен айналысып жүрмін. Ізденістерімнің басым бөлгі қазақ тілімен байланысты. Бүгінде 100 мың сөздік қоры бар қазақ-полак сөздігін дайындап жатырмыз. Қазақ тілінің граматикасы туралы жоба құрастырмақ ойымыз бар.
– Польшада біздің елдегідей тіл мәселесі бар ма?
– Бізде де ағылшын тілінің ықпалы күшті. Польша Еуроодақ мүшелігіндегі ел болған соң бәріміз ағылшынша жақсы сөйлейміз. Оны білу сіздердегі сияқты сән болып көрінеді. Конференциялар, үлкен ресми кездесулер көбінесе ағылшын тілінде өтеді. Дүние жүзінде тіл саясаты жоқ мемлекет болмайды. Польшада да тіл мәселесі бар. Бірақ күнделікті тұрмыста полак тілінде мәселе жоқ. Полак тілінің жағдайы тұрақты деп айтуға болады. Бірақ полак халқы түгелімен өз ана тілінде сөйлеседі.
– Біз әлі де болса Ресейдің ықпалынан шыға алмай отырған елдің біріміз. Бұл бодандықты поляк халқы да көрді. Өз халқын орыстың отарынан алып шығу үшін Польша қандай қадамдар жасады деп ойлайсыз?
– Екі елдің тарихы бөлек дегенізбен тағдырымызда өзара ұқсастықтарымыз бар. Ең бастысы – екі ел де орыстың боданы болдық. Бірақ, бір халық бодандықта аз отырса, екінші халық ұзақққа қалып қойды. Қазақ 1730 жылы Әбілхайыр хан заманынан бастап бодандық қамытын киді. Екі ел де өз бостандығы үшін көп соғыстар жүргізді. Бірақ, қазақ пен полактың тағдырын, басынан өткергенін салыстыруға болмайды. Біз орыс отаршылығынан өте жылдам, әрі өте қысқа мерзім ішінде құтылдық деп ойлаймын. Біз патшалы ресей уысынан бірінші дүние жүзілік соғыс қарсаңында құтылдық. 1918 жылы тәуелсіз ел болдық. Ол кезде саяси жағдай мүлдем басқа еді. Бізде орыстану саясаты айтарлықтай күшті болмады. Ықпалы тіптен 0 пайыз ғана болды деуге де болады. Ал Қазақстанда отарлық саясат өте тереңдеп еніп кеткен еді. Себебі, қазақ даласы патшалы Ресей үшін алтын көпір болатын. Батыс пен шығыстың қақпасынан айырылып қалғысы келмеді. Отарлық саясат қамытының қазақ даласына жаны қалмай ұмтылуы осыдан еді. Тіптен толық жұтылып кете жаздады деуге болады. Бірақ, қайсар қазақ халқы ақырына дейін шыдады. Ақыры, өз тәуелсіздігін алды. Бұл да болса қазақтың өзгеге ұқсамайтын ерекшелігі деп есептеймін.
–Поляк елінде жаһандық дерт – жемқорлық бар ма?
– Қазақ қоғамын кері сүйреп отырған факторлардың бірі – жемқорлық. Расы керек, бұл мәселе талай мемлекеттің экономикасын тұралатып отыр. Жемқорлық Польшада да бар. Бірақ онша шиеленісіп кетті деуге болмас. Ондайлар дер кезінде жария болып, жазасын алып жатады. Бізді сөз бостандығы күшті. Шынын айту керек, бір шенеуніктің артында бірнеше журналист пен саяси ұйым өкілдері жүреді деуге болады. Биліктің, басшылықтың жұмысы үнемі бұқаралық ақпарат құралдарының сынынан өтіп отырады. Сондықтан жемқорлықпен тұтылу ол жақта өліммен тең болып есептеледі.
– Өзіңіз біздің елде осындай жағдайға ұшырап көрдіңіз бе?
– Жоқ, өз басым осы жемқорлық дегендей, пара беру деген жағдайға ұшырамадым. Ешкім маған ондай ұсыныспен шықпады. Тек мені шетел адамы екенімді білген соң қызмет көрсету орындарындағы баға күрт өсіп кетеді. Мысалы, өзім тоқтаған қонақ үйдегі бағасы тәулігініне үш мың теңгелік бөлмелер бірден бес мың теңге болып өсіп жатады. Бұл барлық шетел азаматтардың басынан өтіп жататын дүние ғой.
Сұхбаттасқан Бүркіт НҰРАСЫЛ
Алаш айнасы газеті